Жаңалықтар

Отбасы банкте жинап жүрген ақшаға қай кезде шектеу қойылуы мүмкін

Нацбанк против урезания госпремий "Отбасы банка"
Отбасы банкте ашылған шотқа шектеу Фото: kursiv.media архиві

Баспаналы болу үшін «Отбасы банкте» ақша жинап жүрген көпшілік бұл банктегі шотқа шектеу қойылмайды деп ойлауы мүмкін. Алайда банктің хабарлауынша, тұрғын үй жинақ депозиті заң бойынша өндіріп алудан қорғалған шоттар қатарына жатпайды.

Сондықтан қарызын қайтара алмай жүрген адамдардың басқа банктердегі есепшотымен қатар, жинақ депозитіне де шектеу қойылуы мүмкін.

Сол себепті банктің квазимемлекеттік мәртебесіне қарамастан, заңда қарастырылған жағдайларда бұл жинақтарға да арест қойылуы, шығыс операциялары тоқтатылуы немесе одан ақша өндіріп алу талабы қойылады.

Бұл орайда Отбасы банк мұндай шектеуді өзі қоймайтынын, тек заңға сәйкес уәкілетті органдар мен үшінші тұлғалардың талабын орындайтынын атап өтеді.

Сондай-ақ банк салынған шектеуді өз бетінше алып тастай алмайды.

Егер шотқа шектеу қойылса, клиент шешім шығарған орган немесе тұлғаға тікелей хабарласып, себебін анықтауы және талап етілген құжаттарды өткізуі қажет.

Банкке шектеуді жою, талапты кері қайтару немесе шешімнің күшін жою туралы тиісті құжат түскеннен кейін ғана шот қайта ашылады.

Бұған дейін банк «Ұмай» ипотекасымен үй алу үшін отбасының табысы қанша болуы шарт екенін түсіндірген.