
Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстары 98 пайызға аяқталды. Жөндеу аяқталып, қабылдау комиссиясының тексерісінен өткен соң, әуе айлағы 1 қыркүйектен бастап қайта жұмыс істейді.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың айтуынша, ауқымды реконструкция жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу барысында ұшу-қону жолағы 15 метрге кеңейтілді. Негізгі ірі түйіршікті асфальт қабаты төселіп болды, енді соңғы әрлеу қабатын төсеу ғана қалды.
«Жоспар бойынша 15–17 тамыз аралығында жарық беру-сигналдық жабдықтарды тексеру үшін қабылдау комиссиясының бақылау ұшуы өтеді», – деді облыс әкімі.
Билік өкілдері нысанды пайдалануға берудің түпкілікті актісін 25 тамызға дейін алуды көздеп отыр. Осыдан кейін әуежай жүйелі рейстер үшін ашылады.
Алматы мен Астанаға рейстер қайта жанданады
Алдымен Алматы мен Астанаға қатынайтын ұшақтар қайта ұша бастайды. Сонымен қатар Шымкент пен Ақтау қалаларына да рейстерді іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Реконструкция аяқталған соң, өңір халықаралық әуе қатынасын да дамытпақ. Келешегі бар бағыттардың қатарында Омбы — Павлодар — Ташкент және Новосібір — Павлодар — Ташкент транзиттік бағдарлары аталады.
Сондай-ақ билік өкілдері Ақтөбе бағытын да келешегі зор жоба деп санайды. Өңір Ақтөбе облысымен бірлесіп, бұл рейсті теңдей субсидиялауға дайын.
Билет бағасы қанша болады?
Павлодар — Астана бағыты бойынша билет құны әзірге 15 мың теңге деңгейінде сақталады. Тасымалдау құнының жартысынан астамы субсидия есебінен өтеледі, ал оның мөлшері авиакеросин бағасы, рейстің толықтығы мен басқа да факторларға қарай есептеледі. Болашақта билет бағасы 20 мың теңгеге дейін қайта қаралуы мүмкін, бірақ бұл бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Еске салсақ, 2025 жылғы сәуірде Павлодар әуежайы жөндеуге жабылған еді.