Жаңалықтар

Қазақстан біртіндеп қартаяды: 2050 жылы әрбір алтыншы адам 60 жастан асады

Қарттар көбейіп келеді / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан халқы әлі де салыстырмалы түрде жас. Бірақ демографиялық бағыт біртіндеп өзгеріп келеді: адамдар ұзағырақ өмір сүре бастады, ал бала туу көрсеткіші кейінгі жылдары төмендеп жатыр. Соның нәтижесінде алдағы онжылдықтарда елдегі егде жастағы адамдардың үлесі айтарлықтай өседі.

БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдары бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстандағы 60 жастан асқан тұрғындардың үлесі 18,8%-ға жетеді. Яғни ғасыр ортасында шамамен әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асқан болады. Құжатта мұндай деңгей «демографиялық қартаюдың өте жоғары деңгейі» ретінде сипатталған.

Қазақстандағы 60 жастан асқан адамдардың үлесі
Жалпы халық санындағы үлесі, %
Қазақстандағы 60 жастан асқан адамдардың үлесі
2025 жылы — 14,3% · 2050 жылы — шамамен 18,8%
Дереккөз: БЖЗҚ, БҰҰ
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Бала туу керісінше төмендеп келеді

Қартаю процесін күшейтетін екінші фактор — туу деңгейінің төмендеуі. 2021 жылы Қазақстанда бір әйелге орта есеппен 3,32 баладан келсе, 2025 жылы жиынтық туу коэффициенті 2,57 балаға дейін түсті. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылы ол 2,39 бала болуы мүмкін.

Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеп келеді
Бір әйелге шаққандағы бала саны
2021 3,32 ең жоғары көрсеткіш
2025 2,57 соңғы көрсеткіш
Дереккөз: БЖЗҚ
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Яғни демографиялық пирамиданың екі жағында қатар өзгеріс жүріп жатыр: жоғары жағында адамдар ұзақ өмір сүріп, егде жастағылар саны артады, төменгі жағында жаңа туған балалардың салыстырмалы саны азаяды.