
Болгарияның танымал «Левски» футбол клубы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында алматылық «Қайратпен» қарымта кездесу өткізу үшін Түркістанға ұшып келді.
Команданың елге келгені туралы «Левскидің» ресми Instagram парақшасы хабарлап, ұшақтан түскен сәтінен бейнежазба жариялады.
Видео астына: «Міне, біз де келдік!» – деп жазба қалдырған.
«Левски» клубының баспасөз қызметінің мәліметінше, болгариялық ұжым Түркістанға чартерлік рейспен алты сағат бойы ұшып келді.
Екі ұжым арасындағы маңызды матч 11 тамыз күні сағат 20:00 де Түркістан қаласында өтеді. Кездесудің Алматыдағы Орталық стадионда өтпей калуына сол аралықта өтетін америкалық белгілі рэпер Канье Уэсттің концерті себеп болған.
Қазақстандық футболсүйер қауым әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қарсыласқа сес көрсетіп жатыр:
«Қош келдіңдер, жеңіліс тілейміз!», «Левски үйлеріңе қайтыңдар, ертең өз алаңымызда қалай ойнау керектігін көрсетеміз», «Қайрат, алға!» – деп пікір қалдырып жатыр жанкүйерлер.
Софияда өткен алғашқы ойында алматылық «Қайрат» қарсыласына 0:1 есебімен жол берген еді. Енді ел чемпиондары өз алаңында есе қайтаруға тырысады.