
Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы 4 тамызда Астана қаласының жаңа Бас жоспарын бекітті. Құжат елорданың 2035 жылға дейінгі даму бағытын айқындайды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бас жоспардың уақытына жетпей өзгеруіне есеп пен шынайы өмірдің сәйкес келмеуі себеп болып отыр. 2024 жылғы Бас жоспарда 2025 жылдың 1 қаңтарында Астана халқы 1 млн 480 мың адам болады деп болжанған еді. Ал іс жүзінде халық саны 1 млн 528,7 мың адамға жетті. Тіпті бір жылға жетпейтін уақыт ішінде елорда халқы өзінің демографиялық болжамынан 49 мыңға жуық адамға озып кетті.
2035 жылға дейінгі демографиялық болжам
Жаңа болжам бойынша қала халқының өсімі келесідей болады:
- 2030 жылға қарай — 1 млн 965,5 мың адам;
- 2035 жылға қарай — 2 млн 275 мың адам.
2035 жылға қарай еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі 59,5%-ды құрайды.
Инвестициялар мен ірі жобалар
2030 жылға дейін жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 297 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл шамамен 17 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ең ірі жобалардың қатарында:
- Бидайды тереңдей өңдейтін зауыт (163,9 млрд теңге);
- Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату эко-паркі (125 млрд теңге);
- Халықаралық әуежайды реконструкциялау (250 млрд теңге);
- «Астана — Технополис» арнайы экономикалық аймағындағы 223 гектарды алып жататын логистикалық парк (~150 млрд теңге) бар.
Бұдан бөлек, Бас жоспарда 2030 жылға дейінгі бірінші кезекті жобаларды жүзеге асыру үшін меншік нысанына қарамастан тартылатын инвестициялардың жалпы болжамды көлемі 9,5 трлн теңгеге бағаланып отыр.