Жаңалықтар

Алматы полициясы Канье Уэсттің концертінде кезекшілікті күшейтеді

Алматы полициясы Канье Уэсттің концертінде кезекшілікті күшейтеді / Фото: Polisia

Алматыда 14 тамызда өтетін американдық рэпер Канье Уэсттің концертіне, алдын ала мәліметтер бойынша, 40 мыңнан астам көрермен қатысады, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Шоу Орталық стадионда өтеді. Көрермендердің ұйымдасқан түрде өтуі үшін стадионның үш жағында орналасқан 40 кіреберіс қарастырылған.

«Билеттерді валидациялау (тексеру) сағат 16:00-де басталады. Кіреберіс алдында тексеру жүргізіледі, аумаққа тек билеттері немесе аккредитациясы бар көрермендер өте алады», – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев көрермендерді өзінің кіру тобын алдын ала анықтап, полиция қызметкерлерінің, қауіпсіздік қызметінің және волонтерлердің нұсқауларын орындауға шақырды.

Полицияда сондай-ақ шара кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін ескертті.

«Концерт күні полиция стадион мен оған іргелес аумақты патрульдеуді күшейтеді», – деп хабарлады полиция департаменті.

Құқық қорғаушылар көрермендерге алдын ала келуді, тексеруге кететін уақытты ескеруді және стадион аумағына өтудің белгіленген тәртібін сақтауды ұсынады.

Бұған дейін 14 тамызда Ye концертінен кейін көрермендерді алты бағыт бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайтынын жазған едік. Метро жұмысы кем дегенде сағат 01:00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда – сағат 03:00-ге дейін ұзартылады, бұл ретте «Байқоңыр» станциясы жолаушылар үшін сағат 21:00-ден бастап жабылады. Сағат 16:00-ден бастап Орталық стадион жанында Байтұрсынов, Сәтбаев көшелері мен Абай даңғылының учаскелерінде қозғалыс біртіндеп шектеле бастайды.