
Армения әлемнің түкпір-түкпірінен туристер тарту мақсатында шарап мұражайын ашпақ.
Armenpress ақпаратына қарағанда, мұражай кешенінде сомелье орталығы мен сауда залы да болады. Онда Арени қауымдастығында өндірілетін үздік шарап өнімдері ұсынылмақ.
Бұл туралы «Арени қауымдастығын дамыту» қорының директоры Сюзан Маргарян мәлімдеген. Оның айтуынша, инвестициялық бағдарлама аясында қауымдастық құрамындағы әр елдімекенде жүзеге асырылатын жобалар бойынша көптеген ұсыныс қарастырылып жатыр.
«Қазірдің өзінде Арени қауымдастығында халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін ірі шарап мұражайы құрылатынын сеніммен айта аламын. Бұл қауымдастықтың дамуына елеулі үлес қосады. Мұражай туристер ағынын арттырады деп сенеміз. Себебі Арени – әлемдегі ең көне шарап өндірісі орталықтарының бірі және мұнда көрсететін дүниелеріміз көп», – деді Сюзан Маргарян.
Бұл елдегі туризм мен өңірлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.
Бағдарлама аясында Горис, Арени, Джермук, Ехегис, Двин, Гюмри және Дилижан туристік кластерлерін дамытуға жалпы 120 млн еуро инвестиция салу көзделген. Жоба шарап өндірісімен қатар курорттық, шытырман оқиғалы, мәдени, білім беру және экотуризм бағыттарын дамытуға бағытталған.
Айта кететін жайт, ЕАЭО елдерінде тек жүзімнен жасалған сусын «шарап» деп есептелуі мүмкін.