Жаңалықтар

«Бәйтерек» холдингі 2025 жылы 410 млрд теңге таза пайда тапқан

Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның 2025 жылғы шоғырландырылған қаржы есептілігіне сәйкес, былтыр холдингтің таза пайдасы 409,9 млрд теңгені құраған. Бұл 2024 жылғы 408,2 млрд теңгемен салыстырғанда 0,4%-ға артық.

Операциялық кіріс көлемі артты

Пайданың динамикасын сараптағанда, негізгі операциялық кірістердің айтарлықтай өскені байқалады: таза пайыздық кіріс 2024 жылғы 616,7 млрд теңгеден 27,5%-ға өсіп, 786,5 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар таза комиссиялық кіріс те 33,4 млрд теңгеден 43,0 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Дегенмен, бұл оң өсімді шетел валютасымен жүргізілген операциялар бойынша қалыптасқан шығындар тежеді: 2024 жылы бұл бағыттан 26,9 млрд теңге таза пайда түссе, 2025 жылы 29,9 млрд теңге таза шығын тіркелді.

Оған қоса, әкімшілік шығыстар 97,5 млрд теңгеден 118,7 млрд теңгеге өсіп, корпоративтік табыс салығы бойынша шығыстар 81,9 млрд теңгеден 161,3 млрд теңгеге дейін екі есе артқан.

Актив көлемі қанша

2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің жалпы активтері 31,9%-ға өсіп, 19,05 трлн теңгеге жетті (2024 жылы — 14,44 трлн теңге). Активтер құрылымындағы басым үлес клиенттерге берілген қарыздарға (8,03 трлн теңге), ақшалай қаражат пен олардың баламаларына (3,50 трлн теңге), инвестициялық бағалы қағаздарға (2,91 трлн теңге) және қаржылық лизинг бойынша дебиторлық берешекке (2,36 трлн теңге) тиесілі.

Холдингтің жиынтық міндеттемелері 11,44 трлн теңгеден 15,47 трлн теңгеге дейін артты. Міндеттемелердің басым бөлігі шығарылған борыштық бағалы қағаздар (7,50 трлн теңге), клиенттер қаражаты (3,13 трлн теңге), банктер мен қаржы институттарынан алынған қарыздарға (2,08 трлн теңге) және ҚР Үкіметінің қарыздарына (850,5 млрд теңге) келеді. Холдингтің меншікті капиталы 3,00 трлн теңгеден 3,57 трлн теңгеге дейін нығайды.

159 млрд теңге дивиденд төледі

Есепті кезеңдегі маңызды корпоративтік оқиғалардың бірі – «Bereke Bank» АҚ-дағы 100% акциялар пакетін шетелдік инвесторға сату мәмілесі толық жабылған.

Бұдан бөлек, 2025 жылы акционер тарапынан холдингтің капиталына 46,8 млрд теңге көлемінде ақшалай жарна құйылып, қосымша жай акциялар орналастырылды. Жыл ішінде холдинг жалғыз акционері – ҚР Үкіметіне 159,0 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі, бұл 2024 жылы төленген 126,2 млрд теңгеден жоғары.

Холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Компания ел экономикасының негізгі секторлары: өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен және тұрғын үй құрылысын қаржылай қолдайды.

Холдингтің құрамына «Қазақстанның Даму Банкі», «Отбасы банк», «Даму» қоры, «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», Qazaqstan Investment Corporationжәне «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» сияқты еншілес институционалдық ұйымдар кіреді.

Былтыр «Бәйтерек» холдингі Ұлттық қордан алған 23,5 млрд теңгені қайтарған.