Жаңалықтар

Донердің ішінен телефон шықты: түрмедегі адамға жеткізбек болған

Донер ішіне жасырылған телефон
Байланыс құралын түрмеге өткізбек болған адамның үстінен іс қозғалды / фото: polisia.kz/ЖИ-мен өңделген

Ақтөбеде сотталған адамға тыйым салынған зат жеткізу әрекеттерінің жолы кесілді. Телефонды донердің ішіне жасырып, түрмеде жазасын өтеушіге жеткізбек болған.

ІІМ мәліметінше, оқиға 10 тамызда №8 жабық мекемесінде болған. Сағат 16:30 шамасында сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік арасынан донер анықталды.

«Мұқият тексеру барысында оның ішіне жасырылған телефон табылып, тәркіленді. Телефонның сотталған адамға арналғаны анықталды», – деп хабарлайды polisia.kz.

Осы оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалып материалдар сотқа жолданды.

Полиция сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге немесе жеткізу әрекеттеріне жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.