Жаңалықтар

Геннадий Головкин Ислам спорт ассоциациясының вице-президенті болуы мүмкін

Геннадий Головкин ISSA вице-президенттігіне кандидат атанды
Геннадий Головкин ISSA вице-президенттігіне кандидат атанды | Facebook.com/gggboxing;

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт ассоциациясының (ISSA) Азия мен Еуропа бойынша вице-президенті лауазымына үміткерлердің ресми тізіміне енді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Оның кандидатурасы біліктілік пен этикалық талаптарға сәйкестікті тексеретін барлық тиісті процедурадан өтті. Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан ұсынылып, 2026-2029 жылдар аралығына ISSA Атқарушы комитетіне сайлау кандидаты ретінде тіркелді. Тиісті тізім ISSA-ға мүше барлық ҰОК-ке жіберілді.

Сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтеді.

Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы спорт ассоциациясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді.

ISSA қолдауымен өтетін басты спорттық шаралардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

Айта кетейік, 15 маусымда Геннадий Головкиннің элиталық Халықаралық бокс даңқы залына кірген Қазақстан тарихындағы тұңғыш өкіл болғаны белгілі болды.