
Колумбияның Тынық мұхиты жағалауында орын алған жойқын жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 132 адам қаза тауып, 87 адам түрлі жарақат алды.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер асты дүмпулерінің магнитудасы 7,4 балды құраған. Осыған байланысты ел аумағында төтенше жағдай режимі жарияланды.
Жер сілкінісі дүйсенбі, 10 тамыз күні таңғы сағат 07:34-те (Гринвич бойынша 12:34) тіркелді. Төтенше оқиғаның эпицентрі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауылының маңында орналасқан, ал ошағы 107 шақырым тереңдікте жатыр.
Билік өкілдерінің мәлімдемесі
Жақында өткен сайлаудан кейін ел тізгінін қолына алған президент де ла Эсприэлья зардап шеккен аймақтарға барлық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлап:
«Ұлттық үкімет азаматтарды қорғауға, зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсетуге және қажетті көмекті жеткізуге барлық ресурстарды жұмылдырды. Басты басымдық үйінді астында қалған адамдарды құтқару», – деді.
Колумбияның халық саны бойынша үшінші қаласы Калидің мэрі Алехандро Эдер бастапқыда 18 адамның қаза тапқанын және кемінде 20 ғимараттың қирағанын хабарлаған болатын. Кейіннен қайтыс болғандар саны артты.
Сейсмолог мамандар халыққа қайталама жер асты дүмпулері қаупі сақталатынын ескертіп, сақтық шараларын естен шығармауға шақырып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Венесуэлада екі жойқын зілзала болған еді. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі қуатты жерасты дүмпуін тіркеді. Осы уақыт ішінде жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 5 546 адамға жетті.