Жаңалықтар

«Оны қатты жақсы көрдім»: Нұрай Серікбайдың ісінде айыпталушы соңғы сөзін айтты

Шерхан Аймахан соты өтіп жатқан сот залы
«Оны қатты жақсы көрдім»: Нұрай Серікбайдың ісінде айыпталушы соңғы сөзін айтты / фото: скрин

Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Отырыста айыпталушы Шерхан Аймахан соңғы сөзін сөйледі. Айыпталушы сөзінің басында марқұмның отбасынан кешірім сұрады.

«Мен болған оқиғаға өкінемін және Нұрайдың ата-анасы мен бауырларынан кешірім сұраймын. Мен Нұрайды өте қатты жақсы көрдім және оған деген сезімім шынайы болды. Өмірімнің соңына дейін өкінетін боламын», – деді Аймахан соңғы сөзінде.

Нұрай Серікбай 11 қаңтарда кісі қолынан қайтыс болды. Оның ісіне қатысты тергеу 7 айға созылып, шілдеде басталды.

Өлімге күдікті деп ұсталған Шерхан Аймахан пышақтаған кезі мүлде есінде жоқ екенін айтты. Тіпті Нұрай бірінші мені пышақтады деген нұсқа айтты. Сот отырысына медсарапшы қатысып, бойжеткенге 35 рет пышақ салғанын, сол кездің өзінде тірі болғанын атап өтті.

Прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал психологтар Шерхан Аймахан қылмыс жасағанда толығымен өз әрекетін басқара алған деген қорытындыға келді.