
Қастандықпен өлтірілген Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сот процесінің негізгі бөлімі аяқталып, жарыссөз басталды. Прокурор Әбілқасымов Нұрайдың өліміне айыпталған 28 жастағы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ол Аймаханның ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру»), 125-бабының 1-бөлігі ( «некеге тұруға мәжбүрлеу») және 115-бабының 2-бөлігі («сталкинг») бойынша кінәсі толық дәлелденді деп есептейді.
«Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұраймын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді тағайындауды сұраймын. Жазаны өтеу мерзімін үкім жарияланған күннен бастап есептеуді сұраймын. Аймаханға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шараны өзгеріссіз қалдыруды сұраймын», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.
Жарыссөзде жәбірленушінің адвокаттары да сөйледі. Қорғаушы Омаров сотталушы материалдық өтемақыны 15 млн теңге, моральдық өтемақыны 10 млрд теңге көлемінде белгілеуді сұрады.
«Қызымен, қарындастарымен мақтанатын отбасына орны толмас рухани зардап келтірді. Ешқандай ақша, ешқандай дүние Нұрайды қалпына келтіре алмайды. Қара жамылып отырған отбасының қайғысын жоя алмайды. Сол себепті материалдық, моральдық зиян мөлшерін 10 млрд теңге көлемінде белгілеп отырмыз», – деді ол.
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда кісі қолынан қайтыс болды. Оның ісіне қатысты тергеу 7 айға созылып, шілдеде басталды.
Өлімге күдікті деп ұсталған Шерхан Аймахан пышақтаған кезі мүлде есінде жоқ екенін айтты. Тіпті Нұрай бірінші мені пышақтады деген нұсқа айтты. Сот отырысына медсарапшы қатысып, бойжеткенге 35 рет пышақ салғанын, сол кездің өзінде тірі болғанын атап өтті.
Ал психологтар Шерхан Аймахан қылмыс жасағанда толығымен өз әрекетін басқара алған деген қорытындыға келді.
21 жастағы бойжеткеннің өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп, сталкинг, қыз алып қашу мәселесіне қайта назар аудартты.