Жаңалықтар

Қарағандыда Бауыржан Момышұлы атындағы кітапхана ашылды

фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Қарағандыда жаңа Бауыржан Момышұлы атындағы кітапханада ашылды. Абай күніне орай кітапхана алғаш рет келушілерге есік ашқан.

Кітапхана қаланың Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамына енді.

Ашылу қарсаңында мұнда өлкетануға және Бауыржан Момышұлының шығармашылығына арналған кітап көрмелері мен арнайы әдеби топтамалар әзірленді.

«Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет жаңа кітапхана ашылып отыр. Бұл – рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызды қадам. Жаңа мәдени ошақ оқырмандарға сапалы кітап қорын ұсынып қана қоймай, жастардың білімге, әдебиетке және тарихқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді», – дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Қызғалдақ Құрмашева.

Кітапхана қоры жаңа басылымдардан және жүйенің басқа филиалдарынан берілген кітаптардан жасақталған. Мұнда көркем, тарихи және танымдық әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар, сондай-ақ мектеп оқушыларына оқу үшін қажетті басылымдар бар. Барлық кітап қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.

Қордың бір бөлігі Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған. Сонымен қатар оқырмандарға туған өлке туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін тарихи және өлкетану басылымдары жинақталған.

Айта кететін жайт, Астанада «Кітап оқитын ұлт» атты ауқымды республикалық жоба басталған еді.