
Қызылорда облысында қызанақ пастасын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ. Оған Түркістан облысының шаруалары өсірген қызанақ шикізат ретінде пайдаланылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Бұл ретте Alpecon Group компаниясы кәсіпорынды жаңғыртуға 2,3 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр.
Ал ATMO AGRO компаниясы өндірістік нысандарын сатып алып, технологиялық жабдықтарды жаңарту, өндірістік және қосалқы нысандарды жөндеу сияқты жұмыстармен айналысып, арнайы техника сатып алмақ. Кәсіпорын жаңғыртылғаннан кейін тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдей алады.
Кәсіпорынды қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін инвестор қызанақ өсіруге арналған шамамен 2 300 гектар суармалы жерді игеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен шикізат сатып алынбақ.
Alpecon Group – 2024 жылы құрылған жаңа компания. Оның қожайындары – Самат Балабеков (сонымен қатар компанияның бас директоры) пен «Capital NS» фирмасы. Ал «Capital NS» компаниясы Ерғали Досжанов пен Жанаргүл Жақыповаға тиесілі.
Бұл компания бұған дейін Алматы облысында жеміс-жидек өңдейтін зауыт ашқан. Зауыт құрылысына жалпы 9,5 млрд теңге жұмсалса, сосың 7,1 млрд теңгесі – үкіметтің арзан қаржысы. Бұл ақшаны «Қазақстанның Даму банкі» төмен пайызбен несиеге берген.