Жаңалықтар

Шымкентте биыл 15 964 адам тұрақты жұмысқа орналасқан

pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Шымкент қаласында 2026 жылы 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 24 731 адам қамтылып, жоспар 78,8%-ға орындалды.

Оның ішінде 15 964 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 2 440 адам уақытша жұмыс орындарына тартылды. Сонымен қатар 6 327 адам онлайн платформа арқылы кәсіби білім алуға жолданды.

«Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 15 302 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Кәсіби білім беру бағытында 3 660 адамды оқуға жолдау жоспарланғанымен, нақты 3 785 адам білім алуға жіберілді. Нәтижесінде жоспар 103,4%-ға орындалды», – делінген әкімдіктің ақпаратында.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 530 адамға қолдау көрсету жоспарланып, нақты 2 645 азаматқа қолдау көрсетіліп, 104,5 пайызға орындалды.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында 2 130 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқыту жоспарланса, нақты 2 542 адам оқуға тіркелді. Көрсеткіш 119,3%-ды құрады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің дерегінше,  400 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланып, бүгінгі таңда 103 адам грант иеленді. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 2 336 адам жұмысқа жолданды.

Қазіргі таңда 6 535 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Шымкент қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары және жеке бастамалар аясында биыл 9 446 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 9 086-сы тұрақты, 360-ы уақытша жұмыс орындары. Бүгінде 9 429 адам жұмысқа орналасып, жоспар 99,8%-ға орындалды.

Айта кететін жайт, InDrive басшысы әрі негізін қалаушы Арсен Томский жасанды интеллект пен роботизацияның жедел дамуы жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соғуы мүмкін деп есептейді.