Жаңалықтар

«Наурыз» бен «7-20-25» қатысушылары неге үй таба алмай жүр

Фото: kursiv.media архиві

«Наурыз» бен «7-20-25» бағдарламаларынан өткендерден бюджетіне сай пәтер таба алмай жүргені туралы шағым жиі түседі. Баспананы тек бастапқы нарықтан, Отбасы банкімен жұмыс істейтін компаниялардан алуға рұхсат етілгендіктен, таңдау да шектеледі. Осыған байланысты Kursiv.media тілшісі жаңа пәтерлердің бағасын бақылауға алу мәселесін көтеріп, «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимованың пікірін білді.

Құрылыс компаниялары лимитті көтеруді сұрап отыр

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, соңғы үш айда құрылыс компаниялары ипотекалық лимитті арттыру туралы ұсыныстар жолдап келеді. Олар лимитті 36 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін көтеруді сұраған.

«Үш айдан бері құрылыс компаниялары осы лимит бойынша хат жіберіп жатыр. Олар лимиттің аз екенін, 36-50 миллионға дейін көтеруді ұсынып жатыр. Біз оған рұқсат бермейміз», – деді банк төрағасы.

Банк 36 млн теңгеге дейінгі пәтерлерді іздеп жатыр

Ибрагимованың сөзінше, банк қазір белгіленген лимитке сәйкес келетін баспаналарды іздеп, құрылыс компанияларымен келісімшарттар жасап жатыр.

«Енді 36 миллионға дейінгі пәтерлерді іздеп жүрміз. Құрылыс компанияларымен шартқа қол қойып жатырмыз. Қазір үш ірі компанияға өз жоспарларына сәйкес жалпы 3 мың пәтер беруді көздеп отырмыз», – деді ол.

Осылайша, банк ипотекалық лимитті көтерудің орнына, белгіленген сомаға сай келетін тұрғын үй көлемін арттыруға басымдық беріп отыр.

Еске салайық, Ләззат Ибрагимова «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының нақты қашан іске қосылатынны мәлімдеді.