1 млрд теңгенің жобасы: Түркістанда картон шығаратын зауыт құрылысы басталды

Түркістан облысында қағаз бен картон қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынады.
Өндіріс нысаны өңірдің Ордабасы ауданы Шұбар ауылында орналасқан. Qagazprom компаниясы мұнда қағаз және картон қалдықтарын қайта өңдейді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаның инвестициялық құны – 1 млрд теңге. Нысан 5 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына шамамен 6 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Өндіріс орнында тәулігіне 190 мың дана жұмыртқа лотогы, стақан ұстағыш және аяқ киім картоны сынды өнімдер шығарылады. Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалған 30 пайызы сыртқы экспортқа бағытталады.
«Бұл – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына жаңа серпін беретін маңызды жоба», – деп мәлімдеді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қазір Шұбар ауылында нысанның іргетасын қалау, қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт ғимараты жыл аяғына дейін жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден тұрғызылады.