Жаңалықтар

Алматыда тоғызыншы қабаттан құлаған әйелді дәрігерлер құтқарып қалды

unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлаған 34 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды.

Tengrinews ақпаратына қарағанда, ол ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Әйелдің бірнеше жері сынып, ішкі ағзалары ауыр зақымданған.

Дәрігерлер оның бас-ми жарақатын, кеуде қуысының ауыр жарақатын, қабырғаларының бірнеше жерден сынуын, пневмоторакс пен гемотораксты анықтаған. Сонымен қатар әйелдің жамбас, ортан жілік және иық сүйектері сынған.

Жарақаттарының ауыр болуына байланысты емдеуге әртүрлі саладағы мамандар тартылды.

№7 қалалық клиникалық аурухананың директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, бастапқыда әйел жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде болып, дәрігерлер ауыр шок пен көптеген жарақаттардың салдарын емдеген. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол политравма бөліміне ауыстырылған.

Мұқият дайындықтан кейін науқасқа бір мезетте жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарына ота жасалды. Екі күннен кейін жамбас сүйектеріне ота жасалды. Емдеудің барлық кезеңінде асқыну қаупі жоғары болған.

Оныншы тәулікте әйел ауруханадан шығарылды.

Мұның алдында Алматы қаласында бесінші қабаттан құлаған төрт жасар бала аман қалған еді.