
Қазақстанда жақын арада автокөлікті лизингке, яғни ұзақ мерзімді жалға алып, кейін меншікке өткізетін жаңа жүйе толық іске қосылмақ.
Жаңадан енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, автолизингтің өз артықшылықтары мен шектеулері бар. Ең бастысы – келісімшарт жасалған сәтте көліктің бағасы шегеленіп, кейін өсіп кетпейді. Оны ең ұзақ уақыт, 7 жылға (84 айға) дейін рәсімдеуге болады. Ал төлемді кешіктіріп алсаңыз, есептелетін айыппұлдың көлемі қарыз сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
Kolesa.kz сайтының жазуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынып отырған жобада үстеме ақының ең жоғары шегі белгіленген.
- Бағасы 20 миллион теңгеге дейінгі көліктер үшін жылдық мөлшерлеме 36 пайыздан,
- Ал 20 миллионнан қымбат немесе бұрын пайдалануда болған машиналар үшін 46 пайыздан аспауы керек.
Қазір еліміздегі банктердің автонесие бойынша жылдық тиімді мөлшерлемесі орта есеппен 25,6-35 пайыз аралығында. Бұған қоса, лизингке алғанда бастапқы жарна, өтінімді қарау комиссиясы, КАСКО сияқты міндетті сақтандыру шығындары тағы бар. Сенімді көрінгенімен, қағаз жүзіндегі бұл көрсеткіштер лизингті автокредиттен сәл қымбаттау етіп көрсетеді.
Алайда бұл жерде бір маңызды мән беретін тұсы бар: министрлік атап өткен 36 және 46 пайыздық меже – міндетті баға емес, тек рұқсат етілген ең жоғарғы шек. Нарыққа шығатын лизингтік компаниялар клиент тарту үшін банктермен бәсекеге түсіп, мөлшерлемені бұдан әлдеқайда төмендетуі әбден мүмкін.
Сондықтан жаңа жүйенің қарапайым халыққа қаншалықты тиімді болатынын уақыт пен ашық бәсеке көрсетеді. Әзірге жоба қоғам талқысында, ал алдағы уақытта лизинг компанияларының ұсынар нақты тарифтері бұл нарықтың болашағын айқындап береді.
Автолизинг тетігі 2025 жылғы 1 желтоқсанда пилоттық режимде жүзеге асқан еді. Алайда алғашқы айларда жүйе толық жұмыс істемей, құқықтық және техникалық кедергілерге тап болды. Сол себепті пилоттық жоба аясында бар-жоғы бір-екі автокөлік берілген.