Жаңалықтар

«Қайраттың» бас бапкері «Левскиден» жеңілгеннен кейін пікір білдірді

Фото: Рауан Мутаир / Kursiv.media

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында болгариялық «Левскиден» ұтылғаннан (0:1) кейін ойынды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Кемінде бір гол соғуға лайық едік»

Бапкер сөзін алдымен стадионға келіп, командаға қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтудан бастады:

«Ең алдымен, бүгін бізді қолдап, стадионда керемет атмосфера сыйлаған жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Үлкен рақмет. Өкінішке қарай, оларды жеңіспен қуанта алмадық. Өкініш бар. Тырыстық. Бірақ, жасаған соққыларымыз бен мүмкіндіктерімізді есепке алсақ, кем дегенде бір гол соғуға лайық едік. Әрине, түңіліп кетпейміз. Алда бізді ел чемпионатында да, еурокубокте де өте маңызды матчтар күтіп тұр. Енді Еуропа лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін күресеміз», – деді Уразбахтин.

Команда капитаны Мартынович неге жоқ?

Баспасөз мәслихатында бапкер команданың негізгі қорғаушысы Александр Мартыновичтің не себепті кездесуге қатыспағанын түсіндірді.

Бапкердің айтуынша, қорғаушы Түркістанға ұшып келген кезде сырқаттанып қалған. Дене қызуы көтеріліп, матчқа қатыса алмады.

Сондай-ақ, бас бапкер алаң сапасына сылтау айтудың реті жоқ екенін жеткізді: 

«Газонның сапасы кедергі болған жоқ, оны сылтауратудың қажеті де жоқ. Ойнауға толық болатын алаң», – деп атап өтті ол.

Ендігі меже – Еуропа лигасы

Екі кездесудің қорытындысы бойынша «Левскиге» 0:2 есебімен (екі ойында да 0:1) жол берген «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жолын аяқтады. Енді алматылық клуб еурокубоктегі сапарын Еуропа лигасында жалғастырады.

Плей-офф кезеңінде «Қайрат» «Андерлехт» – ПАОК супержубының жеңімпазымен кездеседі.