Жаңалықтар

Рафаэль Уразбахтин алаңға Азамат Тұяқбаевты неге шығармағанын айтты

Фото: instagram

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында командадағы кадрлық шешімдерге қатысты пікір білдіріп, алаңға қай футболшылардың шығатынын айтты.

«Алаңға тек клуб үшін жаны ашитындар шығады»

Бапкердің айтуынша, бапкерлер штабының ойыншыларды таңдаудағы басты критерийі – олардың жаттығулардағы еңбегі мен клубқа деген адалдығы:

«Ең алдымен, алаңға ойнауға құлшынысы бар, клуб үшін жан-тәнімен беріліп ойнайтын және жаттығуларда бар күшін салып жүрген футболшылар шығады. Кейбір жанкүйерлерге белгілі бір ойыншылар ұнауы мүмкін, бұл заңды. Бірақ бұл – бапкерлер штабының шешімі», – деді Уразбахтин.

Азамат Тұяқбаевтың жағдайы

Сондай-ақ, «Қайраттың» бас бапкері «Тұяқбаев неге шықпады?» деген сұраққа да нүкте қойды:

«Адам өзінің жеке мәселелерін ойлап жүргенде – ол алаңға шықпайды. Ол қашан клуб үшін жан-тәнімен алаңдап, бар ойы командада болған кезде ғана ойнайтын болады», – деп түсіндірді бас бапкер.

Бапкерлер штабының бұл позициясы командадағы ішкі тәртіп пен бәсекелестікті арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Бас бапкер үшін аты-жөні немесе бұрынғы беделі емес, қазіргі таңдағы дайындығы мен клубқа деген қарым-қатынасы бірінші орында турмақ.

Айта кетейік, «Қайрат» Түркістанда болгариялық «Левски» футбол клубынан жеңіліп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды.