Тоқаев Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» орденін табыстады

Президент бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Ал белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы табысталды.
Бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалаған. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанған.
«Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын», – деді мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап белсене атсалысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты. Сондай-ақ театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың да еңбегін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады