
Қазақстанда жыл басынан бері онкологиялық скрининг кезінде 1 837 адамнан қатерлі ісік анықталды. Оның ішінде сүт безі, тоқ ішек және жатыр мойны обыры жиі кездескен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы кезеңде барлығы 2 362 568 адам тексеруден өткен. Анықталған қатерлі ісік жағдайларының ішінде:
- сүт безі обыры – 1 238 жағдай;
- колоректалдық обыр – 372 жағдай;
- жатыр мойны обыры – 227 жағдай.
Айта кетейік Қазақстанда осы үш түрлі қатерлі ісік бойынша нысаналы топқа кіретін азаматтар скринингтен тегін өте алады.
Егер тексеру кезінде дәрігерлер күмәнді өзгерістерді анықтаса, пациент қосымша диагностикаға жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай нәтиже адамның міндетті түрде қатерлі ісікке шалдыққанын білдірмейтінін атап өтті. Аурудың бар-жоғын тек қосымша тексеруден кейін ғана нақты анықтауға болады.
Ведомствоның мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында қатерлі ісіктің III-IV сатысында анықталған жағдайлардың үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеген. Осы кезеңде онкологиялық скринингтен 14 миллионнан астам адам өткен. Ал жыл сайынғы тексеруден қамтылғандар саны 13,5%-ға артқан.
Денсаулық сақтау министрлігі қатерлі ісік ерте кезеңде ұзақ уақыт бойы еш белгі бермеуі мүмкін екенін еске салды. Сондықтан қазақстандықтарға денсаулығына шағымы болмаса да, скринингтен белгіленген мерзімде өтіп тұру ұсынылады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандық оқушы ЖИ көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты.