Астанада RUN FOR ONCOKIDS 2026 қайырымдылық марафоны өтеді

5 қыркүйек күні Астана қаласында онкологиялық аурумен күресіп жатқан балаларды қолдауға арналған RUN FOR ONCOKIDS 2026 қайырымдылық марафоны өтеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шараны онколог дәрігерлер ұйымдастырып отыр. Марафонның мақсаты кішкентай батырлар мен олардың ата-аналарына жігер сыйлау, жеңіске деген сенімін арттыру және күресте жалғыз емес екенін сезіндіру.
«Сіздің әрбір қадамымыз кішкентай батырларды жеңісіне жақындата түседі. Осы шараға қатысу арқылы бір баланың жүзінен күлкі сыйлап, оның сауығып кетуіне өз үлесіңізді қоса аласыз», – дейді ұйымдастырушылар.
Марафон 5 қыркүйек күні Astana Triathlon Park-те өтеді. Қашықтық 1 және 5 шақырымды құрайды. Қатысуға тілек білдіргендер oncokids.umc.org.kz сайты арқылы тіркеле алады. Тіркелу жарнасы – 12 мың теңге. Қосымша ақпаратты run.foroncokids инстаграм парақшасынан алуға болады.