2035 жылға дейін Астананың шет аймақтарында үй салуға шектеу қойылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Астананың магистральдық инженерлік желілері мен әлеуметтік инфрақұрылымы жеткіліксіз шеткі аумақтарында көппәтерлі тұрғын үй салуға 2035 жылға дейін уақытша шектеу енгізу ұсынылды. Бұл туралы 14 тамызда мәслихат отырысында елорданың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.

Қай аумақтарға қатысты

Ахметовтің айтуынша, Астананың қала құрылысына қатысты қолданыстағы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.

«Ережелерге қаланың магистральдық инженерлік желілері мен әлеуметтік инфрақұрылымы қамтамасыз етілмеген шеткі аумақтарында жер учаскелерін беруге және көппәтерлі тұрғын үйлер салуға 2035 жылға дейін уақытша шектеу енгізуді көздейтін тармақ қосу ұсынылады», – деді Алтынбек Ахметов.

Яғни бұл аумақтарда қажетті инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейінше, жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына жер учаскелерін беру шектелуі мүмкін.

Қандай өзгеріс енгізілмек

Алтынбек Ахметовтің айтуынша, Астананың сәулеттік келбеті мен қала құрылысына қатысты ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, 2024 жылғы 27 тамызда қабылданған «Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысы жоспарлау қағидаларына» жаңа норма қосылмақ.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер бизнеске қосымша әкімшілік кедергілер де туғызбайды.

Ұсыныс Премьер-министрдің бірінші орынбасарының тапсырмасын орындау аясында әзірленген. Жоба уәкілетті органдармен келісілген және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді. Оны іске асыру үшін бюджеттен қосымша қаражат қажет еместігі айтылды.

Еске салайық, осыған дейін Астанада қаланың жаңа дизайн-кодының жобасы таныстырылған болатын. Құжатта ғимараттардың қасбеттеріне, балкондарға, кондиционерлерді орналастыруға және қаланың сәулеттік келбетіне қатысты жаңа талаптар көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз