Жапонияда нөсер жаңбыр салдарынан жеті адам қаза тапты

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жапонияда нөсер жаңбыр салдарынан жеті адам қаза тапты
Жапонияда нөсер жаңбыр салдарынан жеті адам қаза тапты / фото: Reuters

Токиомен шекаралас Жапонияның Тиба префектурасында нөсер жауын салдарынан жеті адам қаза тапты. Бұл туралы TV Asahi телеарнасы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Қайтыс болғандар Итикава, Сакура, Ятиё, Тиба және Касива қалаларының тұрғындары. Бірнеше адам су басқан жолдарда көлік ішінде қалып қойып көз жұмған.

Нөсер жауын 13 тамыз күні кешкісін басталды. Тиба қаласында 24 сағат ішінде 367 мм жауын-шашын жауған. Бұл тамыз айында түсетін орташа мөлшерден үш есе көп.

Қолайсыз ауа райы көлік қатынасын толықтай тоқтатты. Пойыз бен автобустардың тоқтауына байланысты шамамен 6600 жолаушы Нарита халықаралық әуежайының терминалдарында түнеуге мәжбүр болды. Оларға ұйықтау қаптары таратылды.

Токио мен Нарита әуежайы арасындағы «Narita Express» пойыздары 14 тамызға дейін тоқтады. Әуежайға баратын басқа теміржол бағыттары бойынша пойыз қозғалысы шектелді. Префектурадағы бірқатар тас жол әлі де жабық күйінде қалып отыр.

Сондай-ақ Тиба қаласындағы теміржол станцияларының бірінде 4000-ға жуық адам қалып қойды. Оларды уақытша орналастыру пункттеріне жеткізу үшін әскерилер арнайы автобустар бөлді.

Тиба префектурасында 95 мыңнан астам тұрғын қауіптің бесінші деңгейіндегі ескерту аймағында тұр. Тағы 102 мың адамға эвакуация жасау туралы нұсқама берілді.

Синоптиктер аймақта қатты найзағай мен жауын 15 тамыз таңға дейін жалғасуы мүмкін екенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыз