Қарағанды облысында дала өрті төрт ауданға тарап, екі адам зардап шекті

Қарағанды облысында дала өрті өршіп, төрт ауданға тарады. Салдарынан екі адам зардап шекті. Өртті сөндіруге жүздеген құтқарушы мен ондаған техника жұмылдырылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Қарқаралы ауданына қарасты Жаңатоған ауылының маңындағы өртті ауыздықтауға 159 адам жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаменті әуеден бақылау барысында өрттің жаңа ошақтары анықталмағынын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау 50 гектар аумақты шарпыған.
«Дала өрттері Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелді. Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнына 620 адамнан тұратын жеке құрам және 134 техника бірлігі жіберілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде», – деді облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Қызыл жалын салдарынан 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам зардап шекті. Олардың бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Екеуі де ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
«Ыстық ауа райы мен қатты желге байланысты дала өрттерінің туындау қаупі әлі де сақталады. Сондықтан жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет. Жергілікті әкімдіктер ТЖД-мен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Бесоба ауылы маңындағы қыстаулардың жанында болған үш өрт, сондай-ақ Ақтоғай және Шет аудандарындағы өрттер толық сөндірілді. Қазір жағдай тұрақты.
Тағы да оқыңыз: Қарағанды облысында табиғи өрт өршіді: жалын мың гектардан астам жерге тарады.