Қарағанды облысында табиғи өрт өршіді: жалын мың гектардан астам жерге тарады

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында құтқарушылар орман өртімен күресті жалғастырып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылының маңында құрғақ шөп өртенді. Өртті сөндіру жұмыстарына қатты желдің екпіні мен жер бедерінің таулы болуы кедергі келтіруде. Бұл жағдай өрттің жекелеген ошақтарына жетуді қиындатып, жалынның әрі қарай таралу қаупін арттырып отыр.
«Қазіргі уақытта елдімекенді қорғау және өрттің ауылға қарай таралуына жол бермеу үшін ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Өртті оқшаулау және толық сөндіру шаралары жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда. Өрт орнына ТЖД-ның қосымша күштері мен құралдары жіберілді», – деп хабарлады ведомство.
Қазір ауылды өрттен қорғау және жалынның елдімекенге қарай таралуына жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Өрт орнына ТЖД-ның қосымша күштері мен техникасы жіберілді. Жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін жедел штаб құрылды.
Ақтоғай ауданында 1090 гектар жер өртенді
Ақтоғай ауданындағы табиғи өрт одан да ауқымды аумақты қамтыған. Өрт Кежек ауылдық округінде, Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 40 шақырым жердегі таулы аймақта және Ақтоғай ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының аумағында болған.
Алдын ала есеп бойынша, өрт 1090 гектар жерді шарпыған. Оның шамамен 1000 гектары мемлекеттік орман қорының аумағына тиесілі.
Өртті сөндіруге ТЖД, жергілікті әкімдік және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері тартылды. Қазір оқиға орнында 140 адам мен 24 техника жұмыс істеп жатыр.
Оның ішінде ТЖД-дан – 42 адам мен 7 техника, жергілікті атқарушы органдардан – 78 адам мен 13 техника, ал орман шаруашылығы мекемелерінен 20 адам мен 4 техника жұмылдырылған.
ТЖМ мәліметінше, облыста жұмылдырылған күштер мен құралдардың жұмысын үйлестіретін жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта елдімекенге өрттен қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында Сұйықсу және Қызылту ауылдарының маңы қызыл жалын шарпған болатын. Құрғақ шөптің тұтануы Сұйықсу ауылынан шамамен 25 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан таулы-белесті жерде болған.