Байлардан қайтарылған 600 млрд теңгеден астам қаржы қайда жұмсалды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Байлардан қайтарылған 600 млрд теңгеден астам қаржы қайда жұмсалды / Фото: Shutterstock

Қазақстан Үкіметі елге қайтарылған активтердің қайда бағытталғаны туралы есеп берді. 617 млрд теңгеден астам қаражат 500-ден астам жобаға бөлініп қойды. Бұл тізімде сумен қамтамасыз ету, ауруханалар, мектептер, әуежайлар мен спорт кешендері бар, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Су және медицина

Сумен қамтамасыз етуге арналған 267 жобаға 226,5 млрд теңге бөлінген. Ақмола облысында – 32, Солтүстік Қазақстан облысында – 28, Абай облысында тағы 15 жоба жүзеге асырылды. Алматыда бірнеше шағын ауданда сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша 176,8 млрд теңгеге 191 жоба мақұлданды. Өңірлерде, оның ішінде Риддер қаласында аурухана, Ақтауда жедел жәрдем станциясы және 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны бой көтерді.

Балқашта 1 млрд теңгеден астам қаражатқа хирургиялық-ангиографиялық корпус салынды. Бұған дейін жедел инфаркт алған пациенттерді 400 шақырым жердегі Қарағандыға тасымалдауға тура келетін.

«Бүгінде пациент жедел жәрдеммен бірден мамандандырылған блокқа түседі және жарты сағат-бір сағат ішінде қажетті ота жүргізе аламыз», – дейді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.

Әуежайлар, мектептер мен спорт

Көлік саласындағы сегіз жобаға 43 млрд теңге бөлінді. Балқашта 946 млн теңгеге әуежай қайта жаңартылып, 1 маусымнан бастап Астана мен Алматыға рейстер орындалып жатыр. Арқалықта әуежайды реконструкциялау аяқталып қалды.

Білім беру жобаларына 64,4 млрд теңге бағытталады. Өңірлерде мектептер, балабақшалар мен жатақханалар ашылуда. Арқалық педагогикалық институтында ауданы 6600 шаршы метр болатын корпус қайта жаңартылды.

Тағы 67,5 млрд теңге спорттық инфрақұрылымға қарастырылған. Көкшетау мен Зерендіде жаңа спорт нысандары ашылды, Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион реконструкциядан өтті.

Өңірлердің инфрақұрылымы

Қайтарылған активтер, сондай-ақ, елдімекендер мен жаңа өндіріс орындары үшін жолдар, жылу, газ және электр желілерін салуға бағытталуда.

Жалпы Қазақстанға 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Үкімет атап өткендей, Арнайы мемлекеттік қор арқылы бұл қаржы өңірлерді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған жобаларға жұмсалып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз