Елдегі жаңа тұрғын үйдің 23%-ы Астанада пайдалануға берілген

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,06 трлн теңгеден асты. Ресми статистикаға сәйкес, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға өскен. Құрылыс нарығындағы белсенділіктің негізгі бөлігі Астана, Алматы, Атырау және Түркістан өңірлеріне тиесілі.
Тұрғын үй ең көп қай жерде салынып жатыр?
Құрылыс жұмыстарының ақшалай көлемімен қатар, тұрғын үй нарығында да өңірлер арасында үлкен айырмашылық бар. Есепті кезеңде Қазақстан бойынша 9,54 млн шаршы метр тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілген.
Бұл көрсеткіш бойынша Астана көш бастап тұр. Елордада 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл Қазақстандағы барлық жаңа тұрғын үй алаңының 23,1%-ы.
Екінші орында Алматы қаласы – 1,65 млн шаршы метр немесе республикалық көлемнің 17,3%-ы. Үшінші орында Алматы облысы – 898,4 мың шаршы метр.
Шымкентте 643,4 мың шаршы метр, Түркістан облысында 553,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Нәтижесінде Астана, Алматы қаласы және Алматы облысының өзіне елдегі пайдалануға берілген тұрғын үй алаңының 49,8%-ы, яғни шамамен жартысы тиесілі.
Егер үш республикалық маңызы бар қаланы ғана есептесек, Астана, Алматы және Шымкентте Қазақстандағы жаңа тұрғын үй алаңының 47%-дан астамы шоғырланған.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – 37,9 мың шаршы метр. Солтүстік Қазақстанда 104,2 мың, Абай облысында 135 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жалпы деректер Қазақстандағы құрылыс белсенділігінің ірі қалалар мен халық саны тез өсіп жатқан агломерацияларда шоғырланып отырғанын көрсетеді. Астана мен Алматы әрі құрылыс жұмыстарының ақшалай көлемі, әрі тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша елдің негізгі құрылыс орталықтары болып отыр.