Ferrari-дің алғашқы электромобилі – Luce 40 млн долларға сатылды

Ferrari тарихындағы алғашқы толық электрлі автомобиль — эксклюзивті Luce моделі 40 млн долларға сатылды.
CNN ақпаратына қарағанда, көлік АҚШ-тың Калифорния штатындағы Монтерей қаласында автомобиль апталығы аясында сенбі күні өткен қайырымдылық аукционында сатылды. Бұдан кейін ең қымбатқа сатылған жаңа көлік рекорды жаңартылып отыр.
Бастапқы бағадан 36 есе қымбат
Күмбезге ұқсас дизайнымен ерекшеленетін электромобиль Ferrari көліктеріне тән бұрышты пішіндерден айтарлықтай өзгеше.
RM Sotheby’s аукцион үйінің мәліметінше, бастапқы баға 1,1 млн доллар деп қойылған. Ал сатылған баға бұдан 36 есе жоғары.
Автокөлік өндірушінің хабарлауынша, сатылымнан түскен барлық қаражат Ferrari қорына аударылып, білім беру бастамаларын қолдауға жұмсалады.
Түсін өзгертетін көлік
RM Sotheby’s аукцион үйінің мәліметінше, «Chassis 0» моделінің шанағы арнайы тапсырыспен жасалған інжу түсті жартылай жылтыр бояумен қапталған. Оның құрамындағы арнайы пигмент жарық түскен кезде көліктің түсін жасылдан күлгінге дейін өзгертіп көрсетеді.
Автокөліктің салонында да арнайы әзірленген материал – металлик әсері бар Perla Le Mans былғарысы қолданылған. Интерьер ақ түсті негіздегі ерекше қара элементтермен толықтырылған.
Сатылымдағы құны
Luce моделі мамыр айында таныстырылған еді. Бағасы 550 мың еуроға немесе 640 мың доллар деп белгіленіп отыр. 2026 жылдың төртінші тоқсанында сериялық нұсқалары клиенттерге жеткізіле бастамақ.
Феррари жаңа суперкөлігінде төрт электр қозғалтқышы бар. Олардың жалпы қуаты 1050 аттың күшінен асады.