Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италияда жол-көлік оқиғасына ұшырады

Биатлон мен шаңғы жарысынан қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италияның Ливиньо қаласында жол-көлік оқиғасына тап болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазақстандық спортшы жаңа маусымға дайындық үшін осы өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан. Дәл осы жерде 2026 жылғы Паралимпиада ойындары өтіп, Ербол Хамитов чемпион атанған.
Оқиға қалай болды?
Спортшы бұл жағдай туралы өзінің Instagram парақшасында айтып берді. Ербол Хамитов жаттығудан кейін қонақүйге велосипедпен қайтып келе жатқан. Айналма жолға жақындағанда, жол жиегінде тұрған минивэн кенеттен қозғалып, спортшының алдына шығып кеткен. Жүргізуші велосипедшіні көріп тұрғанына қарамастан, оған жол бермеген.
«Mercedes минивэні соғып кетіп, дым болмағандай кетіп қалды. Жарайды деп жолымды жалғастырдым. Жалға алған велосипедтің дөңгелегі майысып қалыпты. Велосипедті жалға берген жерге барып, жағдайды түсіндірдім, видеоны көрсетіп, өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдедім. Минивэн жүргізушісі оқиға орнынан кете барған екен. Жалға беруші полиция шақырмақшы болды, бірақ мен «бәріміз аман-саумыз, бұл жүргізушіні жазалаудың керегі жоқ» деп өтіндім», – деді Ербол Хамитов.
Спортшы майысқан дөңгелек дискісі үшін велосипед иесіне өзі өтемақы төлеуге мәжбүр болған.
«Бұл жүргізушіге сабақ болсын. Ең бастысы, ешкім зардап шекпеді, велосипедтің сынғаны болмаса. Барша жүргізушілерге айтарым: егер адамды қағып кетсеңіздер, міндетті түрде тоқтау керек», – деп түйіндеді сөзін спортшы.
Еске сала кетейік, қазақстандық Ербол Хамитов 2026 жылғы 10 наурызда қысқы Паралимпиада ойындарында шаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алып, өзінің алғашқы жүлдесіне қол жеткізген болатын. Көп ұзамай, 13 наурызда биатлоннан Паралимпиада чемпионы атанды.