Қазақстанда инвестиция қай өңірлер мен салаларға құйылып жатыр (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Инвестиция қай салаға көп салынды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11,46 трлн теңгеге жетті. Алайда бұл қаржы өңірлерге де, салаларға да біркелкі бөлінген жоқ. Бір жерде инвестицияның басым бөлігі көлік пен жылжымайтын мүлікке бағытталса, енді бір өңірде тау-кен өндірісі мен энергетика негізгі драйвер болып отыр, деп жазады Kursiv.Media.

Инвестиция көлемі бойынша Астана көш бастады – 1,29 трлн теңге. Елорданың ерекшелігі – инвестицияның жартысынан көбі екі бағытқа шоғырланған. Көлік және қоймалау саласына 486,7 млрд теңге, жылжымайтын мүлік операцияларына тағы 478,2 млрд теңге салынған. Яғни Астанадағы әр үш теңгенің екеуіне жуығы осы екі секторға тиесілі.

Екінші орында Алматы қ – 1,24 трлн теңге. Мұнда да жылжымайтын мүлік негізгі бағыттардың бірі: секторға 351,5 млрд теңге инвестиция келген. Бұдан бөлек көлік пен қоймалауға 227,1 млрд теңге, ақпарат және байланыс саласына 164 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл Алматы экономикасының қызмет көрсету мен инфрақұрылымға көбірек сүйенетінін көрсетеді.

Үшінші орында Түркістан – 1,02 трлн теңге. Бірақ мұндағы инвестиция құрылымы ірі қалалардан өзгеше. Өңірде өнеркәсіпке 528,5 млрд теңгеден астам қаржы салынған. Оның ішінде электр энергиясы мен коммуналдық инфрақұрылымға 243,7 млрд теңге, тау-кен секторына 182,6 млрд теңге тиесілі. Ауыл шаруашылығына да қомақты – 136,6 млрд теңге бағытталған.

Атырауда жеті айда негізгі капиталға 890,8 млрд теңге инвестиция салынды. Мұнда мұнай-газ факторы анық байқалады: тау-кен өндірісіне 341 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібіне 250,5 млрд теңге инвестиция келген. Осы екі бағыттың өзі өңірдегі жалпы инвестицияның жартысынан астамын береді.

Өңірлер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай. Инвестиция көлемі ең төмен өңірлердің қатарында Жетісу – 180,4 млрд теңге, Ұлытау – 223,3 млрд теңге, СҚО – 276 млрд теңгеге жуық. Ал Астана мен Алматының әрқайсысында бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден әлдеқайда жоғары.

Инфографика өңірлердің тек қанша инвестиция тартқанын емес, сол ақшаның нақты қай салаға бағытталғанын көрсетеді. Бір қарағанда көлемі ұқсас екі өңірдің инвестициялық құрылымы мүлде бөлек болуы мүмкін: бірінде өнеркәсіп басым болса, екіншісінде құрылыс, көлік немесе жылжымайтын мүлік алға шығады.

Осылайша, Қазақстандағы инвестиция картасы өңірлердің экономикалық мамандануын да анық көрсетіп отыр: Атырау – мұнай мен өнеркәсіп, Астана – көлік пен жылжымайтын мүлік, Алматы – жылжымайтын мүлік, көлік және байланыс, Түркістан – өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы.

Тағы да оқыңыз →
Қазақстанда қай банк басшысы қызметінде ұзақ отыр?
Сондай-ақ оқыңыз