904 млрд теңге: қымбат мұнай «ҚазМұнайГаз» пайдасын 70 пайызға арттырды

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 904 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 69,1 пайызға көп, деп жазады Kursiv.Media.
Компанияның жалпы түсімі де 23,7 пайызға өсіп, 5 568 млрд теңгеге жетті. Қаржылық өсімге ең алдымен әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуі оң әсер еткен.
Ал алты айдағы мұнай мен газконденсат өндіру көлемі 4,6 пайызға азайып, 12 437 мың тоннаны құрады.
Керісінше, мұнай тасымалдау көлемі 4 пайызға артып, 43 280 мың тоннаға жетті. Компания өзінің жалпы қарызын 3,2 пайызға азайтып, 3 411 млрд теңгеге дейін төмендетті.
Сонымен бірге ҚМГ 2025 жылдың қорытындысы бойынша акционерлеріне 350 млрд теңге көлемінде дивиденд төлуге шешім қабылдаған.
Осы аралықта компания Атырау облысындағы «Каратон Подсолевой» учаскесінен газ ағынын алып, жаңа кен орнын растады.
Жамбыл облысында ірі жел электр станциясын салуға және Жанаөзенде гибридті электр станциясын іске қосуға қатысты маңызды жобаларды орындауды жалғастырды. Бұдан бөлек, елде алғаш рет жасыл сутегін өндіретін пилоттық жобаны бастап, тұрақты авиаотын шығаратын зауыт құрылысы бойынша америкалық серіктестермен келісімдер жасасты.