Абай облысында суға батып бара жатқан баланы бапкер құтқарып қалды

Дзюдодан бапкер Тимур Рақымжанов Ертістің ағысы алып кеткен жеті жасар ұлды құтқарып қалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
ТЖМ хабарлағандай, оқыс оқиға 18 тамызда Абай облысы Жаңасемей ауданының Озерки ауылы маңында болған. Бала өзенге шомылуға барған, бірақ ағыс оны жағадан алыстатып әкете бастаған.
Баланың көмек сұрап айғайлағанын жақын маңда достарымен бірге атпен өтіп бара жатқан Тимур Рақымжанов естіп қалады. Басында бапкердің досы Санат Ерғалиев балаға атпен жақындауға тырысқан, бірақ судың тереңдігі мен балдырларға байланысты ат балаға жете алмаған.
Содан кейін Тимур Рақымжанов өзі суға кіріп, жүзіп барып балаға жеткен. Ол баланы жағаға шығарып, ата-анасына тапсырды.
Облыстық «Abai News» желілік басылымының мәліметінше, құтқарылған баланың есімі – Костя.
«Бапкердің уақтылы әрі батыл көмегінің арқасында бала зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады ТЖМ.
Рақымжанов ведомство басшысы Манарбек Шапағатовтың қолы қойылған алғыс хатпен марапатталды.