«Рахат» шоколады Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиланд нарығына шығады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстандық танымал «Рахат» кондитерлік бренді шетелдегі нарықтарға шығуды кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания өз өнімдерін Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиландқа жеткізуді көздейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Қазіргі таңда кәсіпорын Алматы мен Шымкент қалаларында орналасқан екі заманауи өндірістік алаңда жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тоннадан астам өнімді құрайды. Ассортиментте шоколад, кәмпит, печенье және вафлиді қосқанда 500-ден астам өнім түрі бар.

Компания сатылымының 22%-ға жуығы экспортқа тиесілі. Негізгі бағыт – Ресей (экспорттың 65%-ы). Сонымен қатар отандық өнімдер Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдерінде, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан және Германияда сатылуда. Ал 2026 жылдан бастап Латвияға да алғашқы өнімдер жөнелтіле бастады.

Бүгінде фабрика плиткалы шоколадтың 80-нен астам түрін шығарады. Какао бұршақтарын өңдеуден бастап дайын өнімге дейінгі толық технологиялық тізбекке ие. Нағыз шоколадтың негізі саналатын какао ұнтағы, какао майы мен үгіндісі тікелей осы кәсіпорында дайындалады.

«Рахаттың» тарихы 1942 жылы Алматыға Мәскеу мен Харьков кондитерлік фабрикаларының эвакуациялануынан басталған еді. 1992 жылы Алматы кондитерлік фабрикасы «Рахат» акционерлік қоғамы болып өзгерді. Ал 2013 жылы оңтүстіккореялық LOTTE Confectionery компаниясы акциялар пакетін сатып алған еді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның Даму Банкі «Рахат» фабрикасының кәмпиттерін шетелге экспорттауға қаржылай көмек көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз