Астаналық сегіз жасар гимнаст Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: gov.kz

Астаналық жас спортшы Медина Есенбек көркем гимнастикадан Қытайда өткен халықаралық Zhong Ling Cup турнирінде бірден үш жүлдеге ие болды.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, жарыс Гуандун провинциясының Хуэйчжоу қаласында өткен.

«Турнирге Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Филиппин, Малайзия және басқа да елдердің гимнастшылары қатысты. Қазақстан намысын жарыста 9 спортшы қорғады. Олардың төртеуі – астаналық гимнаст», – делінген ақпаратта.

«Әлем Академиясының» тәрбиеленушісі, 8 жастағы Медина Есенбек жарыста үш медаль жеңіп алды. Ол шығыршықпен жаттығуда алтын, ал құралсыз жаттығу мен көпсайыста екі күміс медаль иеленді.

Жас гимнаст кілемге қазақы ою-өрнекпен көмкерілген костюм киіп шығып, композициясын қазақ музыкасының сүйемелдеуімен орындады.

Айта кететін жайт, спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Милад Карими Мысыр астанасы Каирде өткен Әлем кубогының кезеңінде жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ оқыңыз