Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді такси ретінде пайдалануға рұқсат берілді

Қазақстанда жүргізушісіз көліктер мен роботакси іске қосуға ресми рұқсат берілді. Жаңа қағидаларға сәйкес, жоғары автоматтандырылған көліктерді такси ретінде интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс қабылдап, жолаушылар тасымалдауға болады. Тиісті қағидалар ертең, 21 тамыздан бастап күшіне енеді.
Құжатта мұндай көліктердің жүргізушісіз, арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы өздігінен қозғалып, көлікті басқарудың барлық негізгі функцияларын орындай алатыны көрсетілген.
Мұндай көліктерді жолаушылар мен багаж тасымалдауға да пайдалануға болады. Қағидаға сәйкес, жоғары автоматтандырылған көлікпен такси қызметін көрсетуге, жолаушының тапсырысын интернет-платформалар және мобильді қосымшалар арқылы қабылдауға рұқсат етіледі.
Осы ретте жолаушы тасымалдайтын көліктің ішінде оны бақылап отыратын арнайы маманның болуы міндетті емес.
Бір оператор бірнеше көлікті бақылай алады
Жүргізуші көліктердің қозғалысын оператор қашықтықтан басқарады. Ол көліктің қозғалыс бағытын анықтап, қажет болған жағдайда өзгерте алады, сондай-ақ көлікті қосып немесе өшіре алады.
Қағидада бір қашықтағы оператордың бір уақытта бірнеше жоғары автоматтандырылған көлікті бағыттап, диспетчерлей алатыны жазылған.
Беспилотты көліктер қайда жүреді
Қағидаға сәйкес, жоба Астана, Алматы және Қосшы қаласында жүзеге асырылады. Жоғары автоматтандырылған көліктер сынақ полигондарында және жергілікті атқарушы органдар белгілейтін жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың арнайы маршруттарында жүре алады.
Мұндай көліктердің артқы әйнегіне немесе артқы қақпағына «Автономды басқару» деген арнайы белгі қойылады.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда…
Беспилотты көлік жол-көлік оқиғасына ұшыраса, жол қозғалысына қатысушылар бұл туралы 102 арқылы хабарлай алады. Сонымен қатар көлікте көрсетілген телефон нөмірі арқылы пилоттық жоба субъектісімен байланысуға мүмкіндік беріледі.
Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін көлік иесі немесе жобаны іске асырушы тарап өзінің уәкілетті өкілінің 30 минут ішінде оқиға орнына келуін қамтамасыз етуге міндетті.
Жолаушылар тасымалы басталғанға дейін әрбір көлік бойынша үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілуі мүмкін зиян үшін жауапкершілік тәуекелі 60 млн теңге көлемінде сақтандырылуы керек.
Яғни бекітілген қағидалар Қазақстанда жүргізушісіз жоғары автоматтандырылған көліктерді жолға шығарып, оларды роботакси ретінде пайдаланудың нақты тәртібін белгілейді.