Қытай ғылым академиясы Алатау қаласында орталық ашады

ҚХР Ғылым академиясы Қазақстандағы Алатау қаласында ғылыми орталық ашады. Көрші елдің мамандары Alatau City ғылыми-технологиялық экожүйесін дамытуға қатысады.
Алатауда қазақ-қытай бірлескен ғылыми орталығын ашу мәселесі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың Бейжіңге сапары барысында талқыланды. Ол Қытай ғылым академиясының президенті Хоу Цзяньгомен кездескен. Келіссөздер барысында төрт басым бағыт айқылдалған. Солардың бірі бірлескен орталық ашуға қатысты.
«Қазақстан қытайлық инновациялық орталықтардың, ең алдымен ғылым, инженерия, технологиялық компаниялар, инвестициялар мен өнеркәсіп бірыңғай жүйеге біріктірілген Шэньчжэньнің тәжірибесін пайдалануға мүдделі», – деп есептейді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Министрлік мәліметінше, Қытай ғылым академиясның институттары мен сарапшыларын ғылыми-технологиялық болжауға, болашағы бар жобаларды сараптауға, технология саласының мамандарын қалыптастыруға және бірлескен зерттеу әрі инженерлік орталықтарды дамытуға тартылады.
«Alatau City аумағында ҚР ҰҒА мен Қытай ғылым академиясының бірлескен ғылыми-инновациялық орталығын құру мүмкіндігі жеке қаралды», – делінген министрлік мәліметінде.
Мұндай орталық жасанды интеллект, ғарыш технологиялары, жаңа материалдар, энергетика, робот техникасы және басқа да болашағы бар бағыттардағы бірлескен жобалар үшін алаңға айналады. Бұған қоса, ғылыми идеяларды жобалауға, инженерлік пысықтауға және коммерцияландыруға дейінгі жолды қамтамасыз ете алады.
Бұған дейін Қытайдың ірі технологиялық компаниясы Қазақстанда адам тәріздес роботтар құрастыратыны мәлім болған.