Астанадағы екінші әуежайды сингапур компаниясы салып бере ме

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Сингапур компания әуежай салуға ниетті / Фото: shutterstock

Сингапур компаниясы Астана қаласындағы екінші әуежай құрылысына қатысуға ниетті. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Changi Airport Group басшысы Ям Кум Вэнгпен кездесуі барысында айтылған.

Ям Кум Вэнг Changi Airport Group компаниясының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірген.

«Сингапурлық компанияның басшысы Астана қаласының Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі зор әлеуетін атап өтіп, елордада жаңа әуежайды өңірлік хаб және өңірлік орталық ретінде салу жобасын жүзеге асыру барысында компанияның әуежай саласындағы сараптамасы, білімі мен тәжірибесін ұсынуға дайын екенін айтты», – делінген хабарламада.

Changi Airport Group Сингапурдағы Чанги және Селетар әуежайын басқарады. Сонымен қатар Changi Airports International еншілес құрылымы арқылы әлемнің 20-дан астам еліндегі 60-тан астам әуежайда әуежай инфрақұрылымын дамыту, басқару және бас жоспарлау жобаларына қатысады.

2025 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада екінші әуежай салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған. Жаңа әуежайдың құрылысы 2027 жылы басталуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз