Тарбағатай арқарының сұлулығы экологтарды сүйсіндірді (видео)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Тарбағатай тауларын мекендеген арқар
Суат басындағы фототұзаққа қарап тұрған арқар / фото: «Қазақ орманы», ЖИ-мен өңделген видеокадр

Қазақстанның шығысындағы Тарбағатай тауларын мекендеген бір топ арқар фототұзаққа түсті. Мүйізділердің бейғам тіршілігіне экологтар сүйсінді.

Арқар – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, мемлекет қорғауындағы жануар. Олар мекендейтін аумақтардың бірі – Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Жақында сол жерге орнатылған фототұзаққа бірнеше арқар ілікті.

«Қазақ орманы» мекемесі жариялаған бейнероликтен Тарбағатайдың тау бөктерінде еркін жүрген арқарларды көруге болады.

Арқарлар адам аяғы сирек жететін құз-жартастарда, ұшы-қиыры жоқ тау жоталарында өмір сүреді.

«Арқар – Қазақстан табиғатының ең айбынды жануарларының бірі. Ірі денесі, шиыршықтала иілген алып мүйізі мен асқақ таудағы еркін жүрісі бір көргеннен-ақ таңғалдырады», – деп сипаттады тау әміршісін экологтар.

Табиғат жанашырлары арқар популяциясын сақтау үшін мекен ету ортасын қорғап, заңсыз аулауға жол бермей, үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

Бұған дейін Шарын шатқалында жайылған бір үйір қарақұйрық фототұзаққа түскен. Ал оның алдында қарағайға қасынған қоңыр аюдың бейқам тіршілігі экологтарды сүйсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз