Трамп батырдың атымен аталатын әскери кемеге өз есімін бермек

АҚШ-та қара нәсілді батырдың есімімен аталған ұшақ тасығыш кеме енді президент Трамптың атымен аталуы мүмкін.
Бұл туралы CNN үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің басшылығы бастапқыда қара нәсілді теңізшінің құрметіне атау жоспарланған, салынып жатқан ұшақ тасығыш кеме атауын өзгерту мәселесін қарастырып жатыр.
Әңгіме қара нәсілді әскери қызметші Дорис Миллердің құрметіне аталған USS Doris Miller ұшақ тасығыш кемесі туралы болып отыр. CNN-нің екі дереккөзіне сәйкес, Әскери-теңіз күштерінде оны АҚШ президенті Дональд Трамптың құрметіне қайта атау мәселесі талқыланып жатыр.
1941 жылдың желтоқсанында Миллер West Virginia әскери кемесінде қызмет еткен. Жапония армиясы Перл-Харбордағы әскери-теңіз базасына шабуыл жасаған кезде, ол ауыр жараланған капитанды оқ астынан алып шыққан. Кейін зениттік қондырғыға барып, қарсыласқа оқ жаудырған және оқ-дәрісі біткенше атысқан. Миллер жапон ұшақтарының бірін атып түсірген.
1942 жылдың мамырында Миллер Әскери-теңіз күштері крестімен марапатталды. Бұл – АҚШ Әскери-теңіз министрлігінің ең жоғары және АҚШ-тағы маңыздылығы жөнінен екінші әскери марапат.
Айта кететін жайт, АҚШ президенті Пентагонды «Соғыс министрлігі» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қоймақшы.