22 тамыз – тыныштық күні: сайлау алдында не істеуге болмайды

Қазақстанда сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны ресми түрде аяқталып, 22 тамызда «тыныштық күні» күшіне енді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, бұл күні және дауыс беру өтетін 23 тамыз күні кез келген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынады.
Сайлаушылардың өз таңдауын ешқандай ақпараттық қысымсыз, сабырмен таразылауына мүмкіндік беретін бұл кезеңде біршама құқықтық талаптар сақталуы тиіс.
Тыныштық күні не істеуге болмайды?
Заңнама талаптарына сай, 22 және 23 тамыз күндері мынадай әрекеттерге шектеу қойылады:
- БАҚ-та, интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде үгіт-насихат материалдарын жариялау;
- Сайлаушылармен кездесулер, митингілер мен пикеттер өткізу;
- Сайлау алдындағы бейнероликтерді, газеттерді, парақшаларды және басқа да үгіт материалдарын тарату.
Дегенмен, тыныштық күніне дейін көшелерде немесе арнайы орындарда ілінген баспа үгіт материалдарын алып тастау талап етілмейді.
Сондай-ақ дауыс беру күні, яғни 23 тамызда сайлаушыларға толтырылған бюллетеньдерді фотоға мен видеоға түсіріп, желіде жариялауға тыйым салынады.
Заң бұзғандарға қандай айыппұл қарастырылған?
Тыныштық күні немесе дауыс беру күні заңсыз үгіт-насихат жүргізгені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 102-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері:
- Жеке тұлғаларға – 15 МРП (64 875 теңге);
- Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 МРП (86 500 теңге);
- Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 МРП (108 125 теңге);
- Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 МРП (151 375 теңге).
Сауалнамалар жариялауға да тыйым салынған
Сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларына да бөлек шектеулер қойылған. Сайлау заңына сәйкес, дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні БАҚ пен интернетте қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын жариялауға болмайды.
Сонымен қатар дауыс беру күні сайлау учаскесінің ішінде сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Мұндай талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 120-бабы бойынша жеке тұлғаларға 10 МРП (43 250 теңге), ал заңды тұлғаларға 25 МРП (108 125 теңге) айыппұл салынады.
Еске салсақ, Құрылтай сайлауында дауыс беру еліміз бойынша және шетелдегі өкілдіктерде ашылған жалпы 10 423 сайлау учаскесінде ұйымдастырылады. Оның ішінде әлемнің 61 шет мемлекетіндегі Қазақстан өкілдіктері жанынан 79 учаске жұмыс істейтін болады.