Дастан Сәтбаев «Бернлиде» алғашқы сұхбатын берді (видео)

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Дастан Сәтбаев «Берлниде» / фото: Бернли ФК

18 жастағы футболшы Дастан Сәтбаев ағылшындық «Бернли» клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында командадағы алғашқы әсерлерін айтып берді. «Челси» сапында маусымалды дайындықтан өткеннен кейін Чемпионшип клубына жалға берілген футболшы ағылшын футболына бейімделуі, бас бапкермен қарым-қатынасы және Қазақстандағы жанкүйерлерге айтар алғысы туралы сөз қозғады.

Сәтпаевтың айтуынша, Чемпионшипке ауысу оның футболшы ретінде өсуі үшін жасалған өте дұрыс әрі маңызды қадам.

«Бұл мен үшін жақсы әрі дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Мен мұнда бейімделіп, Чемпионшипте футболдың қалай ойналатынын өз көзіммен көремін. Бұл Англия футболының табиғатын тереңірек түсінуге көмектеседі. Маған тек жұмыс істеп, өзімді дамыту қалады», – деді Дастан.

Жаңа ұжым мен бас бапкердің қабылдауы

Қазақстандық шабуылшы жаңа командада өз орнын тез тапқанын және ұжымның оны жылы қарсы алғанын ерекше атап өтті.

«Алғашқы күндер өте жақсы өтті. Жігіттердің бәрі ашық, жағдайымды сұрап, көмек керек пе деп үнемі қолдау білдіріп жатады. Осындай клубтың бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Бапкеріміз өте білікті маман. Арамызда өте жақсы диалог орнады. Ол менің ауысқаныма қуанышты екенін айтты. Бапкердің саған сенім артатынын сезіну футболшы үшін өте маңызды».

Дастан Сәтпаев алдағы маусымдағы басты мақсаты «Бернлидің» Англия Премьер-лигасына (АПЛ) қайта оралуына өз үлесін қосу екенін жасырмады.

Қазақстандық жанкүйерлерге алғыс

Сұхбат соңында Дастан өзіне қолдау білдіріп жатқан отандық футболсүйер қауымға ерекше алғысын білдірді.

«Мұндай қолдау үшін көп-көп рақмет! «Челсиде» маусымалды дайындықта жүргенде әр ойынымды бақылап, әр жазбаның астына тілектерін жазды. Жанымда осындай керемет адамдардың барына бақыттымын. Өз елімді, жанкүйерлерімді жақсы көремін. Осы ойыным арқылы қазақстандық футболшылардың да Еуропада сәтті өнер көрсете алатынын дәлелдегім келеді», – деп түйіндеді сөзін Сәтбаев.

Еске сала кетейік, лондондық «Челси» футбол клубы Дастанды «Бернлиге» бір жылға жалға берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз