Павлодар әуежайы жөндеу жұмыстарынан кейін штаттық режимде жұмысын бастады

Павлодар қаласының әуежайы ұшу-қону жолағын ауқымды реконструкциялаудан кейін тұрақты рейстерді қабылдай бастады. Көлік министрлігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарынан кейінгі алғашқы борты «Астана – Павлодар – Астана» бағыты бойынша қатынады.
Жөндеу барысында ұшу-қону жолағы толық жаңартылып, ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл әуежайдың заманауи ұшақ түрлерін шектеусіз қабылдауына және ұшу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Астана – Павлодар – Астана» бағыты бойынша субсидияланатын рейстер іске қосылды. Аталған рейсті аптасына 4 рет Vietjet Qazaqstan авиакомпаниясы орындайды.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, бір бағытқа арналған билеттің құны 15 мың теңгені құрайды. Осы бағыт бойынша билеттерді сату тамыз айының алғашқы жартысында басталған болатын.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап коммерциялық рейстер де қайта жанданады:
- FlyArystan авиакомпаниясы «Павлодар – Алматы – Павлодар» бағыты бойынша күнделікті қатынайды.
- «Сибирь» (S7 Airlines) авиакомпаниясы Павлодардан Новосибирскіге халықаралық рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Ұшулар аптасына жеті рет орындалады.
Еске сала кетейік, Павлодар әуежайы 2025 жылдың 1 сәуірінде қайта жаңарту жұмыстарына жабылып, барлық рейстер уақытша тоқтатылған еді.