20 тонна жұмыртқаны шекарадан заңсыз өткізбек болғандар айыппұл арқалады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Жұмыртқа
20 тонна тауық жұмыртқасын заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді / Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейден Қазақстанға 20 тонна тауық жұмыртқасын заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді. Жүк ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданған. Автокөлік кері қайтарылып, жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Самарадан Астанаға бағыт алған жүк көлігін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен бірлесіп тексерген.

Тексеру кезінде көліктегі тағамдық тауық жұмыртқаларының заңнамада талап етілетін ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.

Жүк тиелген автокөлік Ресейге кері қайтарылды. Ал жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге уақытша тыйым салынған. Шектеу 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден көліктің барлық түрімен жұмыртқа әкелуге қатысты енгізілген.

Жыл басынан бері «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде заңнама талаптарының 216 рет бұзылғаны анықталған. Нәтижесінде 216 жүк көлігі кері қайтарылды. 90 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Сондай-ақ оқыңыз