Қазақстанда Пржевальский жылқысы бірінші рет құлындады

Пржевальский жылқысы Қазақстанда алғаш рет құлындады. Оқиға 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты «Әліби» реинтродукциялау орталығында болған. Бұл туралы KursivMedia Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жарық дүние есігін ашқан құлын туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, еме бастады. Мамандардың үздіксіз бақылауы бойынша, қазіргі таңда енесі мен құлынның жағдайы жақсы.
Құлынның енесі – 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген 7 жасар Тесса есімді бие. Бұл – оның алғашқы төлі.
Пржевальский жылқысын тарихи мекеніне қайтару жобасы 2024 жылы бастау алды. Бағдарлама аясында 2024 жылы – 7, 2025 жылы – 7, ал 2026 жылы 8 жылқы елге жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланған.