94 пайыз дайын: Алматыдағы ЖЭО-2 жыл соңына қарай толықтай газға көшеді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Ғалымбек Әутәліповтің мәлімдеуінше, Алматы ЖЭО-2-дегі жаңғырту жұмысы 94% аяқталған.

Мұнда технологиялық эстакада мен негізгі жабдықтарды монтаждау толық аяқталып, бу турбинасын ақырғы құрастыру мен іске қосу-баптау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Нысан пайдалануға берілгенде желіге 557 МВт электр және 957 Гкал жылу қуатын береді. Ал ЖЭО-3 қайта құру жобасында мамыр айынан бастап түзетулер енгізіліп, алаңдағы жұмысшылар саны 840 адамға, техникасы 85 бірлікке дейін көбейтілді.

«Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында газ стансалары жабдықтарында штаттан тыс жағдайлар орын алып, газбен қамтамасыз етуде үзіліс болған жағдайда, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лар толық режимдегі жұмысқа дайын болады», – деді  Ғалымбек Әутәліпов.

14 тамызда Алматыда орын алған блэкаут елдегі энергетика тапшылығы мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігінен оңтүстік өңірлердің энергожүйесін күшейтуді талап етті.

Осы тығырықтан шығу жолы ретінде қарастырылып жатқан Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 станцияларын жаңғырту жұмысы қазір қызу жүріп жатыр.

Дегенмен электр энергиясы тапшылығына байланысты KEGOC басқарма төрағасы Наби Айтжанов Үкімет отырысында көмір жағатын қолданыстағы жабдықтардың жұмысын әрі қарай жалғастыруды ұсынды.

«Қазақстанның оңтүстігіндегі тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз ету және «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитіне артық салмақ түсірмеу үшін Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 станцияларының жиынтық генерациясы кемінде 800-850 МВт болуы қажет. Станциялар газбен жұмыс істей алмай қалса, қолданыстағы жабдық – көмір бөлігін сақтау есебінен генерацияны қамтамасыз ету керек», – деді ол.

Алматыдағы ЖЭО-ны газға көшіру – ұзақ уақыттан бері талқыланып жүрген мәселе. Ол қаладағы экологиялық мәселені шешу үшін қажет. 2024 жылы сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы мақсатта 324 млрд теңге қажет деген еді.  

Сондай-ақ оқыңыз