Алматыда балалар спорт мектептерінде тегін жаттыға алады: қайда бару керек

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Секция
Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Оқу жылы қарсаңында Алматыдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері тегін жаттығуға мүмкіндік ұсынып отыр. Қала тұрғындары баласын спорттың бірнеше ондаған түрі бойынша үйірмелерге бере алады деп хабарлайды қалалық әкімдік.

Баланы спорт мектебіне қалай беруге болады?

Алдымен баланың жасына және қызығушылығына сәйкес спорт түрін таңдаған жөн. Одан кейін сол бағыт бойынша жаттығу өткізетін мектепке хабарласып, қабылдау тәртібі мен іріктеу мерзімін нақтылау қажет.

Құжаттарды тапсырғаннан кейін бала іріктеуге қатысады. Қабылдау кезінде оның жасы, дене дайындығы және таңдаған спорт түріне бейімділігі ескеріледі.

Қажетті құжаттардың ішінде спортпен айналысуға рұқсат беретін медициналық анықтама, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, ЖСН, ата-анасының бірінің жеке куәлігінің көшірмесі және 3×4 көлеміндегі екі фотосурет бар. Сондай-ақ 063/у және 026/у нысанындағы медициналық құжаттар қажет. Егер бала бұрын спорттық разряд немесе қандай да бір жетістікке ие болса, оны растайтын құжаттарды да ұсынуға болады.

Бұл ретте қабылдау жасы, іріктеу талаптары мен құжаттар тізімі спорт түріне және нақты мектепке қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан ата-аналар алдын ала таңдаған спорт мектебінен ақпарат алғаны дұрыс.

Алматыдағы спорт мектептері

№1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Мұнда ауыр атлетика, байдарка және каноэде есу, грек-рим және еркін күрес, велоспорт, жүзу, баскетбол, дзюдо, таеквондо және шахмат секциялары бар.

Мекенжайы: Медеу ауданы, Жетбаев көшесі, 43/4.
Телефон: 8 701 300 05 92.

№2 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Жеңіл атлетика, бокс, таеквондо, грек-рим күресі және көгалдағы хоккей бағыттары бойынша жаттығуға болады.

Мекенжайы: Брусиловский көшесі, 134А.
Телефон: 8 (727) 301-98-38.

№3 кешенді балалар-жасөспірімдер мектебі

Бұл мектепте қысқы спорт түрлеріне басымдық берілген. Мұнда шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, сноуборд, фристайл, тау шаңғысы, шайбалы хоккей және керлинг бойынша жаттығулар өткізіледі.

Мекенжайы: Абай даңғылы, 44/3.
Телефон: 248-47-54.

№5 мамандандырылған кешенді балалар-жасөспірімдер спорттық-техникалық мектебі

Мектепте нысана көздеу, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, жүзу, суға секіру, су добы, садақ ату, үстел теннисі және тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді.

Мекенжайы: Жас Қанат шағынауданы, 24Б.
Телефон: +7 707 967 24 95.

№6 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Негізгі бағыттары – дзюдо, таеквондо, каратэ, бокс, еркін және грек-рим күресі.

Мекенжайы: Алатау ауданы, Зерделі шағынауданы, 1/122.
Телефон: +7 707 001 08 01.

№7 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Мұнда дзюдо, таеквондо WT, үстел теннисі, бадминтон, волейбол, көркем гимнастика, баскетбол және бокс бойынша жаттығуға болады.

Мекенжайлары: Түрксіб ауданы, Рихард Зорге көшесі, 8А; Жетісу ауданы, Жайсан көшесі, 20/1.

Телефондар: +7 (727) 251-16-55, +7 (727) 351-86-95.

№8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Семсерлесу, қазіргі бессайыс, таеквондо WT, спорттық құзға өрмелеу, триатлон, спорттық би және шахмат бағыттары бар.

Мекенжайы: Достық шағынауданы, Сәдуақасов көшесі, 35, 1-корпус.
Телефон: 393-52-82.

№9 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Спорттық гимнастика, батутта секіру, акробатика, дзюдо, еркін күрес және брейкинг бойынша жаттығулар өткізіледі.

Мекенжайы: Әуезов ауданы, 1-шағынаудан, 20А.
Телефондар: 8 (727) 390-62-64, 8 (727) 390-62-63.

№10 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі

Мектепте бокс, таеквондо WT, каратэ WKF, жүзу, дзюдо, ауыр атлетика және семсерлесу бағыттары бар.

Мекенжайы: Қазыбаев көшесі, 286/2.
Телефон: 8 (727) 220-36-56.

Спорт клубтарында да тегін жаттығуға болады

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған «Алматы» спорт клубында жүзу, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, күрес, садақ ату, таеквондо, дзюдо, бадминтон, голбол және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар бар.

Мекенжайы: Медеу ауданы, Мақатаев көшесі, 13.
Телефон: +7 (727) 397-57-55.

Ұлттық және ат спорты түрлері клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату және бәйге бағыттары бойынша жаттығуға болады.

Мекенжайы: Сәтбаев көшесі, 29/3, Орталық стадион, №3 кіреберіс.
Телефон: +7 708 311 15 01.

Ал олимпиадалық емес және бұқаралық спорт түрлері клубында кикбоксинг, джиу-джитсу, ушу-саньда, каратэ, самбо, грэпплинг, армрестлинг, пауэрлифтинг, спорттық туризм, альпинизм, падел және басқа да бағыттар бойынша жаттығулар өткізіледі.

Мекенжайлары: Сәтбаев көшесі, 29/3, №3 кіреберіс және Айнабұлақ-2 шағынауданы, 65/1, «Айнабұлақ» ДСК.
Телефон: +7 (727) 292-13-50.

Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, аталған спорт мектептері мен клубтарындағы жаттығулар тегін жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Қандай диагнозы бар оқушылар дене шынықтыру сабағынан босатылады

Сондай-ақ оқыңыз